Caspianlife, 24 шілде. 2025 жылдың шілде айының басынан бері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі (ІІМ) іздеуде жүрген 67 адамды ұстады.
ІІМ ресми сайты Polisia.kz порталында жарияланған ақпаратқа сәйкес, олардың ішінде:
-
кісі өлтіргені үшін – 2
-
қарақшылық шабуыл жасағаны үшін – 1
-
қасақана ауыр дене жарақатын келтіргені үшін – 1
-
тонау қылмысы үшін – 6
-
бопсалау үшін – 1
-
ұрлық жасағаны үшін – 39
-
есірткі айналымына қатысты қылмыстар үшін – 6 адам ұсталған.
Бұдан бөлек, 190 хабар-ошарсыз кеткен азаматтың орналасқан жері анықталды.
Жүргізілген жедел шаралардың нәтижесінде Жамбыл облысының Шу ауданында есірткі заттарын заңсыз таратқаны үшін мемлекетаралық іздеуде болған 50 жастағы ер адам ұсталды. 2024 жылы оның жеке үйін тінту кезінде 1 тоннадан астам кептірілген марихуана және 1 кг гашиш тәркіленген.
Сондай-ақ, Қазақстан ІІМ-нің сұранысы бойынша Молдова Республикасының аумағында халықаралық іздеуде болған 43 жастағы Украина азаматы ұсталды. Ол Ұлытау облысында Telegram мессенджері арқылы синтетикалық есірткіні заңсыз таратуды ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Күдікті қылмыстық жолмен тапқан табысты криптобиржа арқылы заңдастырып, қаражатты елден тыс жерге шығарып отырған. Қазір оған қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды және экстрадиция мәселесі шешіліп жатыр.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданында халықаралық іздеуде болған 49 жастағы Қырғызстан азаматы ұсталды. Ол ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшесі ретінде өз елінің құқық қорғау органдары тарапынан қылмыстық ұйымды қаржыландырғаны үшін іздеуде жүрген.
Алматы қаласының әуежайында халықаралық іздеуде болған Қытай Халық Республикасының азаматы ұсталды. Ол өткен жылдың желтоқсан айында Бахрейн Корольдігінде жеке тұрғын үйге кіріп, құны 535 629 АҚШ долларын құрайтын зергерлік бұйымдар коллекциясын ұрлаған.
Халықаралық ынтымақтастық аясында Қазақстан ІІМ-нің сұранысы бойынша Түркия Республикасының Кайсери қаласында 2017 жылдың қыркүйегінде Алматыда донорлық органды заңсыз сату келісіміне қатысқан, қылмыстық топ мүшесі болған 40 жастағы Әзербайжан азаматы ұсталды.
ІІМ заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бағытында жүйелі әрі мақсатты жұмыстарды жалғастырып жатыр.
(Көлік полициясы департаментінің баспасөз қызметі ұсынған иллюстрациялық сурет)