Caspianlife, 23 шілде. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің деректеріне сәйкес, 2025 жылғы 1 шілдеге дейін өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан 584 жұмысшы зардап шеккен, оның 77-сі қаза тапқан.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада айтылғандай, ағымдағы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану деңгейі 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,6%-ға төмендеген. Жартыжылдық қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану деңгейі (жұмыс істейтін әрбір 1 мың адамға шаққандағы жазатайым оқиғалар жиілігінің коэффициенті) 0,08-ді құрады.
«Травматизм деңгейі республикадағы өнеркәсіптік өңірлерде жоғары күйінде қалып отыр. Мысалы, Қарағанды облысында – 61 адам, Шығыс Қазақстан облысында – 50, Павлодар облысында – 44, Атырау облысында – 40, Ақтөбе облысында – 39 адам зардап шеккен. Сондай-ақ Алматы қаласында – 51 адам жарақат алған», – деп нақтылады министрлік баспасөз қызметі.
Экономиканың салалары бойынша ең көп жарақаттану жағдайлары тау-кен-металлургия кешені кәсіпорындарында – 18,1% және құрылыс саласында – 9,2% тіркелген.
Жазатайым оқиғаларға әкелген негізгі себептер:
— жұмыстарды ұйымдастырудағы қанағаттанарлықсыз жағдайлар (34,6%);
— зардап шеккен адамның өзінің өрескел абайсыздығы (32,9%);
— жол қозғалысы ережелерін бұзу (8,6%);
— еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу (7,1%).
Еңбек инспекторлары еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына қатысты 439 жазатайым оқиға бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына жолдаған, соның негізінде 139 қылмыстық іс қозғалған.