Caspianlife, 22 шілде. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Қазақстан мен Ресей шекарасындағы Батыс Қазақстан облысында орналасқан «Сырым» автомобиль өткізу пунктін қайта жаңарту жұмыстарының басталғанын хабарлады.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, құрылыс жұмыстарының басталуына байланысты 2025 жылғы 4 тамыздан бастап «Сырым» өткізу пункті арқылы жеңіл көліктер мен қоғамдық көліктердің өтуі уақытша тоқтатылады. Бұл шектеулер шамамен 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін күшінде болады.
Сонымен қатар жүк көліктері үшін шекарадан өту тек электрондық кезек жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл жүйенің өткізу қабілеті тәулігіне 200–250 көлікті құрайды.
Бұған дейін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы шектеулер енгізу мерзімінің кейінге шегерілгенін хабарлаған болатын. Қазір нақты мерзім белгіленді, ал қайта жаңарту жұмыстары бекітілген кесте бойынша жүргізіледі. Осыған байланысты мемлекеттік шекараны кесіп өту үшін баламалы өткізу пункттері ұсынылады:
-
«Шаған» (ҚР) / «Теплое» (РФ) өткізу пункті – екіжақты, Қазақстан және Ресей азаматтары үшін. Орналасқан жері: KZ07-01 Уральск — РФ шекарасы (Шаған өткізу пункті) автожолының 33-шақырымы;
-
«Ақсай» (ҚР) / «Илек» (РФ) өткізу пункті – халықаралық. Орналасқан жері: KZ07-04 Подстепное — Федоровка — РФ шекарасы (Ақсай өткізу пункті) автожолының 144-шақырымы;
-
«Тасқала» (ҚР) / «Озинки» (РФ) өткізу пункті – халықаралық. Орналасқан жері: KZ07-06 Уральск — Тасқала — РФ шекарасы (Тасқала өткізу пункті) автожолының 104-шақырымы.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол жүру бағытын алдын ала жоспарлап, аталған бағыттардағы көлік жүктемесінің артуын ескеруге шақырады. Шекараны уақтылы әрі ыңғайлы кесіп өту үшін жолға ертерек шығу ұсынылады.