CaspianLife, 23 шілде. Астрахань музей-қорығының қызметкерлері жоспарлы экспедициядан оралды. Зерттеу жұмыстары Чернояр және Енотаев аудандарында жүргізілді.
Экспедиция құрамында Волгоград қаласындағы «Старая Сарепта» музей-қорығының палеолит археологы Станислав Ремизов пен Ресей агроэкология федералды ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері Максим Ельцов (Волгоград) да болды.
Астрахань музей-қорығының хабарлауынша, далалық экспедицияның басты мақсаты — палеолит дәуіріндегі адамның мүмкін еңбек құралдары мен жануар сүйектерін жинау болды. Экспедиция барысында Астрахан облысында көне адамның тіршілігіне дәлел болатын ондаған сүйек үлгілері жиналды.
«Көне адам сүйектерді еңбек құралдарын жасауға және от жағуға пайдаланған. Сүйектер ұзақ жанады және жоғары температура береді. Бірақ бүтін сүйекті отқа салу тиімсіз – ол өте баяу жанады. Сондықтан олар сүйектерді ұсақтап, ұнтақтап, отқа тастаған. Біз бірнеше күйген сүйек фрагменттерін таптық», – деді Астрахан музей-қорығының таксидермиялық зертханасының меңгерушісі Михаил Головачев.
Бір жыл бұрын Михаил Головачев Санкт-Петербургте өткен ғылыми жиында палеонтологиялық экспедициялар нәтижелері туралы баяндама жасаған. Бұл жұмыс Волгоградтағы «Старая Сарепта» музейі, Арктика мен Антарктида ғылыми-зерттеу институты, РАН Материалдық мәдениет тарихы институты, Петр І атындағы антропология және этнография музейі (Кунсткамера) секілді мекемелердің мамандарымен бірлесіп жасалған.
Ғалымдар баяндамада Астрахан өңіріндегі адамдар тек 14 мың жыл бұрын ғана пайда болды деген көзқараспен келіспейтіндерін білдірген. Жаңа зерттеулер бұл жерде адамдар бұдан 100 мың жылдан астам уақыт бұрын өмір сүргенін дәлелдейді. Бұған жануар сүйектеріндегі адам қолымен өңделген іздер айғақ.
Алайда жағаның үгітілуі, жауын мен аптап ыстық қазба жұмыстарын қиындатты. Соған қарамастан, экспедиция мүшелері болашақта музей экспозициясына қойылатын бірқатар маңызды олжалар тапты. Олардың ішінде Михаил Головачев сайғақтың бас сүйегін, плейстоцен дәуіріндегі алып мүйізтұмсық – эласмотерийдің сүйектерін, Мерка атты орман мүйізтұмсығының қалдықтарын, марал жауырынын және үңгір арыстанының тоқпан жілігінің төменгі бөлігін атады.
Ғалымдардың айтуынша, ірі жыртқыш аңдардың сүйектерін табу өте сирек кездеседі. Үңгір арыстанының сүйектері соңғы рет 1995 және 2024 жылдары табылған.
«Бұл табылған сүйек – Астрахан облысының аумағында үңгір арыстаны сияқты жыртқыш аңдар тіршілік еткенінің бірегей дәлелі», – делінген Астрахан музей-қорығы таратқан хабарламада.