Caspianlife, 22 шілде. 2023 жылғы қыркүйек айынан бастап елімізде «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» жаңа заң күшіне енді. Бұл заңда бірқатар жаңа заң терминдері енгізілді. Атап айтқанда, «инфлюенсер» немесе «блогер», сондай-ақ «жалған ақпарат» ұғымдары.
Бас прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, инфлюенсер немесе блогер деп онлайн-платформаларды пайдаланатын, кәсіпкерлік мақсатта беймәлім адамдар тобына арнап ақпарат жариялайтын немесе тарататын тұлға есептеледі.
Ал жалған ақпарат деп шындыққа сай келмейтін немесе деректерді едәуір бұрмалап көрсететін, жалған түсінік қалыптастыратын ақпаратты айтады.
Онлайн-платформалар дегеніміз – интернет-ресурстар, интернет желісіндегі бағдарламалық қамтылым, жедел хабар алмасу сервистері. Олар контентті алу, өндіру, орналастыру, тарату және сақтау үшін арналған.
Ең маңызды тұсы – бұл Заң онлайн-платформаларды пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттерін бекітеді. Онда демократиялық қағидалар – сөз бостандығына, ақпаратты кез келген тыйым салынбаған тәсілмен алу мен таратуға құқық сақталған. Бұл заңда контентті еркін орналастыру және онлайн-платформаларда өз пікірін білдіру мүмкіндігі нақты көрсетілген.
Алайда ең алдымен таратылатын ақпараттың шынайылығына көз жеткізу қажет. Егер бұл талап орындалмаса, яғни жалған ақпарат таратылып, басқа адамның Конституциямен қорғалатын құқықтары бұзылса, жаңа заң бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі туындайды. Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК-нің 456-2-бабы бойынша – жалған ақпаратты жариялау немесе тарату.
Бұл жағдайда құқық бұзушы – блогер, жеке немесе заңды тұлға болуына байланысты, сот 20-дан 250 АЕК-ке дейін айыппұл салуға құқылы. Яғни, айыппұл көлемі шамамен 78 мыңнан 980 мың теңгеге дейін болуы мүмкін. Ал бір жыл ішінде дәл осындай құқық бұзушылық қайталанса, сот әкімшілік қамауға алуға дейінгі қатаң шара қолдануы мүмкін (15 тәулікке дейін).
Егер таратылған жалған ақпарат қоғамдық тәртіпті бұзуға немесе азаматтарға, ұйымдарға не мемлекетке елеулі зиян келтіруге қауіп төндірсе, онда бұл әрекеттер Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Мұндағы «көрінеу жалғандық» – ақпарат берушінің оның жалған екенін толық біле тұра айтуы. Қоғамға қауіптілігі – осындай жалған ақпарат арқылы азаматтардың санасына манипуляция жасауында.
(Ақпарат ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен алынды)