CaspianLife, 10 шілде. Бұл туралы Атырау облысынан сайланған Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов Атырау қаласына жақын орналасқан арнайы экономикалық аймаққа барған сапары барысында мәлімдеді.
Кеше Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Дүйсенбай Тұрғанов пен Әділ Жұбанов жұмыс сапарымен Атырау облысына барып, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-нің электр станциясын аралады.
Парламент сайтына жарияланған Мәжілістің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта, кәсіпорын басшылығының мәліметінше, қуаттылығы 310 МВт болатын бұл электр станциясы қазіргі уақытта KPI зауытының қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр. Жақын арада бұл жүйеге тағы екі ірі зауыт қосылады. Алайда, электр станциясы салынған кезде шағын кәсіпорындар тарапынан болатын сұраныс ескерілмеген.
– Бүгін біз арнайы экономикалық аймақты электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған станцияны көрдік. Соңғы айларда шағын бизнес тарапынан қосылу туралы өтініштер көбейіп кетті. Осыған байланысты жаңа қосалқы станция салуға қаржы қажет болып отыр. Қыркүйек айында Парламент сессиясы басталғаннан кейін бұл мәселені заңнамалық деңгейде көтеріп, шешу жолдарын қарастырамыз, – деді Дүйсенбай Тұрғанов.
Ол шағын және орта бизнесті қолдау ел экономикасының дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, электр энергиясына қолжетімділіктің болмауы кәсіпкерлік белсенділікті тежейтін негізгі факторлардың бірі болып отыр.
Кәсіпорын басшылығының айтуынша, қуаттылығы 165 МВт болатын жаңа қосалқы станцияның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, тиісті сараптамадан өткен. Егер жобаға қаражат бөлінсе, оны 2028–2029 жылдары іске қосу жоспарланып отыр.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов бұл өңірде мұнай-химия өндірісіне бағытталған арнайы экономикалық аймақ құрылғанын, мұнда жаңа жұмыс орындарын ашуға дайын кәсіпкерлер келгенін атап өтті. Алайда, электр қуатының тапшылығы олар үшін үлкен кедергіге айналған.
– Бұл – ортақ мәселе. Менің ойымша, бұл – Энергетика министрлігінің жіберіп алған олқылығы. Бұл мәселені шешу үшін аса көп қаражат қажет емес. Қазір өңірде 20 МВт көлеміндегі сұраныс бар, ол 12 инвестициялық жобамен байланысты. Осы көлемді іске асыру үшін небәрі 1,1 млрд теңге қажет. Жер телімдері бар, бірақ қажетті инфрақұрылымсыз мұнда ешкім келмейді, – деді Әділ Жұбановтың сөзін Мәжіліс баспасөз қызметі келтіреді.
Баспасөз хабарламасында көрсетілгендей, депутаттар жаңа парламенттік сессия басталған соң, бұл мәселені Энергетика министрлігімен бірлесіп қарастыратынын жеткізді.