CaspianLife, 10 шілде. Мұнай астанасы деген бейресми мәртебесімен қатар, Атырауды балықшылар қаласы деуге толық негіз бар. Жылдың қай мезгілі болмасын, қақаған аяз бен аптап ыстықта да Жайық өзенінің жағалауында қолына қармақ ұстаған балалар мен ересектерді көруге болады.
Бүгінде өңірде ондаған балық шаруашылығы субъектілері Атырау қаласындағы Жайық өзенінде және Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінде өндірістік қызмет атқаруда. Бұл салада бірнеше мың адам еңбек етеді, ал балық пен балық өнімдері Қазақстанда сатылып қана қоймай, жақын және алыс шетелдерге экспортталады.
Жайық–Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мен Атырау қаласы әкімдігі Қазақстандағы Балық шаруашылығы қызметкерлері күніне орай кең көлемді мерекелік бағдарлама дайындады. Бұл кәсіби мереке ресми түрде шілде айының екінші жексенбісінде атап өтіледі. Жалпы бұл мереке – балық шаруашылығында еңбек ететіндердің: балық өсірушілердің, ғылыми қызметкерлердің, балық өңдеу зауыттары қызметкерлерінің мерекесі. Сонымен қатар, әуесқой балықшыларды құттықтауды да ұмытпаңыз.
Атырауда мерекелік іс-шаралар 11 және 12 шілде күндері (жұма және сенбі) өтеді.
CaspianLife редакциясына іс-шараны ұйымдастырушылар хабарлағандай:
11 шілде, жұма күні сағат 18:30-да Сұлтан Бейбарыс алаңында жергілікті балық өнімдері мен қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі басталады. Жәрмеңкеге Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарынан келген шаруашылықтар қатысып, 27 түрлі балық өнімін ұсынады: салқындатылған балық, филе, қақталған, тұздалған, кептірілген өнімдер.
Сол алаңда сағат 19:00-де Атырау облысы балық шаруашылығы саласы қызметкерлерінің шеруі өтеді. Оған Атырау филиалының ғылыми-өндірістік орталығы, Атырау бекіре балық өсіру зауыты және басқа да кәсіпорындардың қызметкерлері қатысады.
Сағат 19:30-да Сұлтан Бейбарыс алаңы маңындағы Жайық өзенінде теңіз және өзен кемелерінің парады өтеді (шамамен 30 кеме қатысады).
20:30-да дәл сол маңда, Жайық өзеніне бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын жіберу рәсімі өтеді.
Сағат 21:00-де алаңда мерекелік концерт басталады.
12 шілде, сенбі күні жоспарланған іс-шаралар:
— Сағат 09:00-де «Мұнайшы» спорт кешенінің (Жилгородок) ойын алаңдарында мини-футбол турнирі басталады. Оған Жайық–Каспий облысаралық бассейндік инспекциясы, Атырау бекіре балық өсіру зауыты мен балық шаруашылығы субъектілерінен құралған 15 әуесқой команда қатысады.
— Сағат 10:00-де Дамба ауылы маңындағы «Үш арал» жерінде Жайық өзенінде әуесқой спорттық балық аулау сайысы өтеді.
— Сағат 09:00-ден 12:00-ге дейін қалада екі жерде балық және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өтеді:
▪ «Мұнайшы» стадионының автотұрағы
▪ «Сарайшық» базары.