Caspianlife, 9 шілде. Үкімет қабылдаған реттелетін тарифтердің өсу қарқынын қайта қарау туралы шешім аясында Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті (ТМРК) бұған дейін жоспарланған тарифтерді көтеру мерзімі кейінге шегерілетінін хабарлады.
Комитеттің ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде:
«… 2025 жылдың төртінші тоқсанында реттелетін коммуналдық тарифтер бойынша жаңа көтерілімдерді бекіту жоспарланбайды», — деп көрсетілген.
Сонымен қатар, олардың өсу қарқынын төмендету көзделіп отыр:
— электр және жылумен жабдықтау бойынша – 35%-дан 20%-ға дейін,
— сумен жабдықтау, су бұру және газбен жабдықтау бойынша – 50%-дан 30%-ға дейін.
Комитеттің түсіндіруінше, тарифтердің өсуін шектеуге мына шаралар ықпал етеді:
-
бұған дейін жоспарланған тариф түзетулерінің бір бөлігін кейінге қалдыру,
-
ұзақ мерзімді қаржыландыру тарту,
-
табиғи монополия субъектілерінің операциялық шығындарын қайта қарау,
-
жылу энергиясы бойынша өткен жылыту маусымындағы өтемдік тарифтер мен қайта есептеулерді қолдану.
Алғашқыда 2025 жылы тарифтердің өсуі инфляцияға 1,32 пайыздық тармақ деңгейінде әсер етеді деп болжанған. Ал қабылданған өзгерістерге байланысты инфляциялық қысым 0,5 п.т.-ға қысқарып, 0,82 п.т. болады деп күтілуде.
Бұл шаралар азаматтардың сатып алу қабілетін қолдауға, бағаға қатысты күтулерді тұрақтандыруға және инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған. Алдағы уақытта тарифтерді көтеру әлеуметтік сезімталдық пен мемлекеттік экономикалық саясаттың басымдықтары ескеріле отырып, теңгерімді түрде жүзеге асырылатын болады.
Еске сала кетейік, инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жаңа тарифтік саясатты іске асыру аясында коммуналдық қызметтер тарифтерін кезең-кезеңімен көтеру көзделген болатын. Бұл шаралар желілерді жаңартуға инвестиция тарту, табиғи монополиялар кәсіпорындары қызметкерлерінің жалақысын көтеру, сондай-ақ электр энергиясы, көмір және жанармай сияқты стратегиялық маңызды ресурстар бағасының өсуі жағдайында қажетті болған.