Caspianlife, 8 шілде. Бұл қайғылы оқиға кеше, 7 шілде күні шамамен сағат 19:00-де Атырау облысы Жылыой ауданының әкімшілік орталығы — Құлсары қаласында болды.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жол-көлік оқиғасы автобус пен мопедтің қатысуымен болған. Мопедті 13 жастағы жасөспірім тізгіндеген. Бала ауруханаға жеткізілгенімен, алған жарақаттарының салдарынан көз жұмды. Аталған факт бойынша қылмыстық іс тіркеліп, жан-жақты тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
«Құрметті ата-аналар және жол қозғалысына қатысушылар! Жасөспірімдердің жол қозғалысы ережелерін сақтауына ерекше назар аударуларыңызды сұраймыз. Мопед, скутер және басқа да көлік құралдарын басқару кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау – баланың өмірін сақтау үшін басты шарт. Кәмелетке толмағандарды арнайы қорғаныс құралдарынсыз және тиісті жүргізуші куәлігінсіз жолға шығаруға қатаң тыйым салынады. Жол қауіпсіздігі – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз!», – деп ескертті полиция қызметкерлері.