CaspianLife, 4 шілде. «Силлено» ЖШС-нің бас директоры болып Мұхтар Авутбаев тағайындалды. Бұл туралы шешімді серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысы қабылдады. Оны кәсіпорын ұжымына «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дастан Абдулғафаров таныстырды.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, Мұхтар Авутбаев Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін және И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетін «Мұнай-газ бизнесін басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.
2020 жылдан бері «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ инвестициялар және даму жобаларын басқару департаментін басқарып, газ-химия саласындағы жобаларды, соның ішінде «Полиэтилен» жобасын қадағалаған.
Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-да бірқатар басшылық лауазымдарда қызмет еткен. Атап айтқанда, барлау және өндіру активтерін басқару департаментінің директоры, корпоративтік қаржыландыру және инвесторлармен өзара іс-қимыл департаментінің директоры лауазымдарын атқарған.
Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» құрылымында бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директор және жаңа жобаларды дамыту департаментінің директоры болып жұмыс істеген.
«Силлено» ЖШС-нің бұрынғы бас директоры Жандос Қайргелді өз кезегінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ инвестициялар және даму жобаларын басқару департаментінің директоры қызметіне тағайындалды.
Анықтама ретінде: «Силлено» ЖШС – Атырау облысында полиэтилен өндіру жобасының операторы. Компания «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы болып табылады, жоба осы аймақ аумағында жүзеге асырылуда.