CaspianLife, 4 шілде. 1 шілдеден бастап 35 қазақстандық түлек испаниялық Tecnicas Reunidas (TR) инженерлік компаниясы мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның серіктестігі негізінде әзірленген арнайы бағдарлама аясында оқуды бастады.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, бағдарлама инженерлік және жобаларды басқару саласында отандық мамандарды даярлауға бағытталған. Бұл – төрт жылға жоспарланған бағдарлама аясындағы алғашқы ағым. Осы кезеңде Қазақстанның бейінді жоғары оқу орындарының инженерлік мамандықтарының 140 түлегі Испанияда білім алады. Қатысушыларды іріктеуді TR компаниясы жүргізді.
«Алғашқы ағымның қатысушыларының жартысына жуығы — Атырау қаласындағы Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті мен APEC PetroTechnic колледжінің түлектері. Сондай-ақ бағдарламаға Қазақ-Британ техникалық университеті (Алматы), Nazarbayev University (Астана), Satbayev University (Алматы) және Yessenov University (Ақтау) түлектері қатысуда», — делінген хабарламада.
Бағдарламаға қатысушылар — химиялық инженерия, құрылыс және экологиялық инженерия, механикалық және аэроғарыштық инженерия, процестерді автоматтандыру және басқару сияқты түрлі инженерлік мамандықтардың түлектері.
Бағдарламаның бірінші кезеңі — үш айлық онлайн-курс. Курсты аяқтаған соң қатысушылар TR компаниясының Мадридтегі бас кеңсесінде тағылымдамадан өтеді. Жалпы оқу ұзақтығы — 6 ай. Тағылымдама барысында қатысушылар TR инженерлік департаменттерінде жұмыс істейді.
Бағдарлама шығындарының барлығы TR компаниясы есебінен қаржыландырылады. Оқу аяқталғаннан кейін түлектер TR-дың әлемнің түрлі елдеріндегі жобаларына, соның ішінде Атырау облысында салынып жатқан «Силлено» полиэтилен зауытына арналған пиролиз қондырғысы жобасына қатыса алады.
Аталған бастама Мемлекет басшысы жариялаған 2025 жылғы Жұмысшы мамандықтар жылының басымдықтарына сай келеді. Бұл жоба — ел ішінде де, шетелде де ірі өндірістік жобаларды жүзеге асыра алатын жаңа буын инженер мамандарын дайындауға ықпал етеді.
Анықтама:
Tecnicas Reunidas — әлем бойынша 1000-нан астам өндірістік жобаларды жүзеге асырған 60 жылдан астам тарихы бар испаниялық инженерлік компания. Компанияның 25 елде өкілдігі бар, 10 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді.