Caspianlife, 2 шілде. Ақтау қаласындағы IT бағыты бойынша жұмыс істейтін мектеп-лицейде жаңа оқу жылынан бастап жасанды интеллект негізінде басқару және бақылау жүйесі толық іске қосылады.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл – өңірде білім беру процесіне жасанды интеллект технологиясын ауқымды түрде енгізудің алғашқы үлгісі. Енгізіліп жатқан жүйе «Edus» білім беру платформасы арқылы жұмыс істейді.
Аталған платформа ата-аналар мен мұғалімдер арасындағы байланысты қамтамасыз етіп, оқушының оқу үлгерімі, сабаққа қатысуы мен мектеп өміріндегі белсенділігі туралы мәліметтерді қолжетімді етеді. Сонымен қатар, төлемдер мен хабарламалар да осы жүйе арқылы жүргізіледі. Мектепке келушілер тек Face ID арқылы кіре алады, бұл оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобамен танысқан облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев бұл цифрлық шешімдерді жоғары бағалап, бастаманың білім беру саласының тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Мектеп директоры Анжела Батырованың айтуынша, енгізілетін жүйе баланың денсаулығын да анықтай алады.
— Face ID құрылғысы оқушының дене қызуын автоматты түрде өлшейді. Егер температура жоғары болса, жүйе бірден мектеп директорына, сынып жетекшісіне және медицина қызметкеріне хабар береді. Бұл оқушылардың денсаулығын бақылауда ұстаудың тиімді тәсілі, — деді мектеп директоры.
Ақтаудағы IT мектеп-лицейінің бұл бастамасы — өңірдегі білім беру мекемелеріне цифрлық технологияларды енгізу жолындағы маңызды қадам. Жасанды интеллект жүйесін енгізу мектеп ішіндегі процестерді автоматтандырып қана қоймай, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді.