Caspianlife, 2 шілде. Ақтөбе облысындағы «Жайсан», Солтүстік Қазақстан облысындағы «Жаңа жол» және Атырау облысындағы «Бөкей хан» шекаралық өткізу бекеттерінде ондаған жүк көлігі мен рейстік автобустар Ресей Федерациясына кіру кезегін күтіп тұр.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің Polisia.kz ведомстволық сайты хабарлады. Полиция қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, көлік ағынын реттеп, жүргізушілерге көмек көрсетіп жатыр.
«Оқиға орнында патрульдік экипаждар мен учаскелік инспекторлар жұмыс істеуде. Олар жүргізушілерге кеңес беріп, жағдайды бақылауда ұстап, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қабылдауда. Қалған өңірлерде жағдай тұрақты, өткізу бекеттері қалыпты режимде жұмыс істеп тұр», — деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция 30 маусымнан бастап Ресей Федерациясымен шекаралас кейбір өткізу бекеттерінде жүк көліктерінің жиналуы байқалып отырғанын еске салды. Кептелістің бір себебі — көрші елге кіру талаптарының өзгеруі. ІІМ жүргізушілерді сабыр сақтап, тәртіпті сақтауға және полиция қызметкерлерінің нұсқауларын орындауға шақырады.
(Сурет: Polisia.kz сайтынан)