CaspianLife, 30 маусым. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Асланбек Мерғалиевтің қатысуымен өткен кеңейтілген кеңесте мәлім болды.
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңесте республика соттарының бірінші жартыжылдықтағы жұмысының қорытындылары талқыланды. Оған Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев пен Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов қатысты. Кеңесте Жоғарғы Сот алқаларының төрағалары Нұрсерік Шәріпов, Назгүл Рахметуллина, Аслан Тұкиев және Сот әкімшілігі басшысы Наиль Ахметзакиров баяндама жасады.
А. Мерғалиев жаңадан құрылған кассациялық соттардың міндеті – алдыңғы сатыларда кеткен сот қателіктерін сүзгіден өткізу екенін атап өтті.
Азаматтық істер бойынша қаралған істердің саны артқанына қарамастан, сот төрелігінің сапасы сақталып отыр. 2025 жылдың бес айында татуластыру рәсімдері 46,9%-ға дейін өскен (2024 жылы — 41,6%). 113 мыңнан астам даулы істің жартысы баламалы жолмен шешілген.
Бірінші сатыдағы соттар жұмысының тиімділігі байқалды: апелляцияда қайта қаралған істер саны 2,5%-ға азайған (14 791-ден 14 421-ге дейін). Кассацияда жойылған және өзгертілген актілер саны үштен бірге (263-тен 185-ке дейін) қысқарды. Азаматтық істер бойынша өзгертілген актілер үлесі 1,7%-дан 1,4%-ға азайды.
Қылмыстық істер бойынша ақталған адамдар саны 49%-ға артқан (90-нан 134-ке дейін), ал жеке айыптау істерін есептемегенде – 128%-ға (26-дан 58-ге дейін). Бұл соттардың айыптаушылық көзқарастан алшақтап келе жатқанын көрсетеді.
«Тергеу органдарының қамауға санкция беру туралы өтініштерін қанағаттандыру деңгейі едәуір төмендеді. 2024 жылы бұл көрсеткіш 76,6% болса, 2025 жылы — 63,5% құрады. Бұл — 2018 жылы тергеу соттары құрылғаннан бері тіркелген ең жоғары тәуелсіздік көрсеткіші», — делінген Жоғарғы Соттың хабарламасында.
Электронды білезіктер белсенді түрде қолданылып жатыр: 2025 жылы 1 740 күдіктіге тағылған, бұл 2024 жылғыдан екі есе көп (954).
Соттардың қылмыстық қудалау органдарының әрекеттеріне шағымдарды қарау тәжірибесі де оң нәтиже көрсетті: қанағаттандырылған шағымдар үлесі 31,8%-дан 36%-ға өсті. Бұл сот бақылауының күшейгенін білдіреді.
Сондай-ақ соттар қамауға балама бұлтартпау шараларын таңдауда жақсы нәтижелер көрсетті: есепті кезеңде үй қамаққа алынғандар саны тергеу органдарына қарағанда алты есе көп (соттар — 1 842, тергеу органдары — 304).
Сотталғандарға жаза өтеу тәртібін жеңілдету институттарын қолдану жағынан да оң үрдіс байқалды: жаза өтеуді жеңілдету туралы өтініштерді қанағаттандыру 32,4%-дан 37%-ға өсті.
А. Мерғалиев Жоғарғы Соттың цифрлық платформаны енгізу жөніндегі бастамасын таныстырды. Ол сотталғандар жөніндегі цифрлық досьені жүргізуді, рақымшылық пен шартты түрде босату туралы өтініштерді онлайн қабылдауды, сот практикасын робот арқылы талдауды қамтиды. Бұл тәсіл шешім қабылдау мерзімін қысқартып, үдерістің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Әкімшілік әділет саласында талап арыздар саны 7,3%-ға өсті. Ең жиі кездесетін даулар — мүлік, мемлекеттік сатып алу, сәулет және қала құрылысы салаларында.
Искіні қайтару 3%-ға көбейді, бұл тараптардың татуласуына байланысты. Азаматтар мен бизнес пайдасына шешімдердің 57,8%-ы, орталық мемлекеттік органдарға қарсы — 49%, жергілікті атқарушы органдарға қатысты — 66% қанағаттандырылған.
Жер (73%), тұрғын үй (72%), салық (57%) және экология (57%) даулары бойынша сот шешімдерінің үлесі жоғары болды.
Жазбаша іс жүргізу істері 16%-ға, экстерриториялық соттылықпен қаралған істер 64%-ға өсті. Ақшалай айыппұлдар біршама көбейді (1%-ға).
Апелляцияда өзгертілген сот актілері 3%-ға, кассацияда — 2%-ға азайды. Бизнес субъектілерінің 4 мың талабынан жартысы қанағаттандырылды. Кассация 33% (185 істің 61-і) бойынша жергілікті соттардың шешімдерін өзгертті.
Жоғарғы Сот төрағасы инвестициялық даулар бойынша сотқа дейінгі реттеуге мемлекеттік органдардың көбірек назар аудара бастағанын айтты. Нәтижесінде елордалық МАӘС-на түсетін талаптар саны екі есе қысқарды (92-ден 54-ке дейін).
2025 жылдан бастап жаңадан құрылған кассациялық соттардың материалдық-техникалық жағдайын қамтамасыз ету, сот ғимараттарын салу және жөндеу, цифрландыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.
А. Мерғалиев сот жүйесіндегі реформалардың жүйелі әрі оң үрдісін атап өтіп, алдағы міндеттер ретінде:
-
Президент тапсырмаларын орындау,
-
сотқа деген сенімді арттыру,
-
істердің ашық әрі әділ қаралуын қамтамасыз етуді атады.
Басты басымдық — адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұлжытпай сақтау, сот шешімдерінің сапасына қатысушылардың қанағаттану деңгейін үнемі зерттеу.