CaspianLife, 30 маусым. Бұл туралы Қазақстан полициясы күніне орай өткен салтанатты жиында мәлім болды. Жиынға ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.
Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, салтанатты шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, ішкі істер органдары мен бірқатар құқық қорғау құрылымдарының үздік қызметкерлерін марапаттады.
— Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуының басты шарты. Халыққа адал қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегі құрметке лайық. Сіздердің күнделікті жұмыстарыңыз – жауапкершілік пен ерліктің үлгісі. Қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді өңір басшысы.
Жиын барысында Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Нурхат Оразбаев ардагерлер мен әріптестеріне алғыс айтып, өңірдегі атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, облыстағы қылмыстық құқықбұзушылықтар саны жыл сайын азайып келеді. Өңірде 61 582 бейнебақылау камерасы орнатылған, оның 12 500-і жедел басқару орталықтарына қосылған. Биыл осы камералардың көмегімен 206 қылмыс пен 15 875 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген.
– Бұдан бөлек, 50 қоғамдық орында жасанды интеллект (ЖИ) жүйелері енгізілді: бет-бейне тану технологиясы арқылы 106 күдікті анықталды, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, биыл Атырау облысы полициясының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жаңартылғаны атап өтілді. Әкімдіктің қолдауымен «Кибер-шеф» жүйесі бар қызметтік көліктер, әуе дрондар, «Оракул-Инсайт» мобильді құрылғылары және «Трафик-Сканер» радарлары сатып алынған. Бұл шаралар жол қозғалысы мәдениетін арттыруға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарын қажетті техникамен, қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда.
Мерекелік шара аясында ішкі істер органдарының дамуына үлес қосқан ардагерлер мен қызметкерлерге ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов пен департамент бастығының алғыс хаттары табысталды. Ерекше көзге түскен бірқатар қызметкерлерге кезектен тыс шендер берілді.
Жиын соңында Нурхат Оразбаев қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полицейлердің туыстарына алғыс білдіріп, ардагерлердің еңбегін ерекше атап өтті.