CaspianLife, 30 маусым. Маңғыстау облысында Түпқараған аудандық сотының үкімі заңды күшіне енді. Үкімге сәйкес, еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтамау салдарынан абайсызда адам өліміне себеп болғаны үшін кәсіпорын бригадасының шебері ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабының 3-бөлігі бойынша бір жылға бас бостандығынан айырылды.
Маңғыстау облыстық прокуратурасының хабарлауынша, «…сотталған азамат еңбек қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын ұйымдастыруға жауапты тұлға бола тұра, бригада жұмысшысына қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етпеген. Соның салдарынан жөндеу жұмыстары кезінде жұмысшы арнайы техниканың дөңгелегі астында қалып, қаза тапқан». Еңбек инспекциясы жұмыс берушінің кінәсін 100% дәлелдеген.
Сондай-ақ, прокуратура соңғы үш жылда Маңғыстау облысында осыған ұқсас қылмыстар бойынша алты адамға айыптау үкімі шығарылғанын нақтылады.
«Маңғыстау облысының прокуратурасы өңірдің дамуына үлес қосып жатқан кәсіпорындар мен компаниялардың басшыларын еңбек қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға бағытталған барлық қажетті шараларды қабылдауға шақырады», — делінген хабарламада.