CaspianLife, 27 маусым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміз экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Үкімет басым салаларда ынтымақтастық орнату мақсатында инвесторлармен тығыз жұмыс жүргізуде.
Бүгін Премьер-Министр Олжас Бектенов испандық Tubacex Group компаниясының вице-президенті Антон Азлор мырзамен кездесу өткізді. Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықтың перспективалары, соның ішінде жаңа жоғары технологиялы өндірістерді іске асыру мәселелері талқыланды. Негізгі назар мұнай-газ саласында сұранысқа ие өнімдер, соның ішінде жіксіз құбырлар өндіруге аударылды.
«Испаниялық инвестор Атырау облысында Орталық Азияда алғаш рет нержавеуші болат пен никель қорытпаларынан жіксіз құбыр өндіретін зауыт салу жобасын ұсынды. Жобаның жобалық қуаты – жылына 12 мың тонна дайын өнім. Сонымен қатар, мұнай-газ машиналарын жасау бойынша заманауи зауыт салу мүмкіндіктері талқыланды», – деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.
Қазақстан Үкіметі өнеркәсіп секторына инвестиция тартуға, атап айтқанда, жоғары қосылған құны бар өнім өндіретін кәсіпорындар құруға мүдделі екені атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ашық әрі сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екендерін растады. Жобаны әрі қарай іске асыру үшін тиісті мемлекеттік органдарға жан-жақты қолдау көрсету тапсырылды.
Анықтама үшін: Tubacex – тот баспайтын болаттар мен арнайы қорытпалардан өнім шығаратын әлемдік көшбасшы. Компания мұнай-газ өндіру (теңіз, құрлық және жағалау), электр энергиясын өндіру (дәстүрлі және атомдық) және мұнай-химия салаларындағы жетекші компанияларға өнім жеткізеді. Tubacex әлем бойынша 24 өндірістік кәсіпорын мен 14 сервистік орталыққа ие.