CaspianLife, 24 маусым. Бүгінгі күнгі (сағат 14:00-дегі) жағдай бойынша «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватындағы өрт толықтай сөндірілді. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт 1 510 гектар аумақты шарпыған.
Бұл туралы Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды. Еске салсақ, резерват аумағындағы, қала маңындағы Еркінқала ауылынан шамамен 20–25 шақырым жерде орналасқан аумақта өрт 13 маусымда басталған болатын. Содан бері ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» АҚ-ына қарасты екі МИ-8 тікұшағымен жанған және түтіндеп жатқан жерлерге жалпы 396 тонна су төгілді. Өрттің таралуына жол бермеу мақсатында тракторлардың көмегімен минералды алқаптар жыртылды. Өртті толықтай сөндіруге жалпы саны 200-ге жуық адам мен 40 техника бірлігі жұмылдырылды.
Хабарламада айтылғандай, өрттің қайта тұтануының алдын алу және жағдайды тұрақты бақылау мақсатында ТЖД, полиция және мемлекеттік табиғи резерват қызметкерлерінен тәулік бойғы кезекшілік ұйымдастырылған.