CaspianLife, 24 маусым. 2025 жылдың 30 маусымынан 2026 жылдың 30 маусымына дейін Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасындағы барлық өткізу бекеттерінде шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Ресейге кіруі мен шығуына қатысты жаңа ережелер мен шарттарды сынақтан өткізу бойынша эксперимент жүргізіледі.
Атап айтқанда, Ресей Федерациясына визасыз режимде келуді жоспарлаған шетел азаматтарына «ruID» мобильді қосымшасы арқылы алдын ала Біріңғай сәйкестендіру және аутентификация жүйесінде тіркеліп, электронды түрде елге кіру туралы өтініш жолдау ұсынылады.
Қазақстандағы Ресей Елшілігінің түсіндіруінше, бұл жаңалық визасыз режимге өзгеріс енгізу емес. Яғни, Қазақстан мен Ресей азаматтарының өзара визасыз қатынасына ешқандай шектеу қойылмайды.
«Ресейге кіру туралы өтінішті “ruID” қосымшасы арқылы толтыру ерікті түрде жүзеге асырылады», – делінген хабарламада.
Өтінішті толтырмау шекара бақылауына кері әсер етпейді. Дегенмен, қосымшаны пайдалану арқылы Ресей аумағында онлайн мемлекеттік қызметтерге, байланыс операторларының қызметтеріне, төлем жүйелеріне қолжетімділік алу мүмкіндігі ұсынылады.
Қосымшамен жұмыс істеу тәртібі мен мүмкіндіктері Ресейдің Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігінің жаңартылған нұсқаулықтарында толық көрсетілген.
Жаңа ережеге сәйкес, өтінішті Ресейге сапарға шықпас бұрын – кемінде 72 сағат бұрын және ең ерте 90 күн бұрын жіберу керек. Ерекше жағдайларда (мысалы, науқас туысқанына бару, қайтыс болған жағдайда) өтінішті 4 сағат ішінде толтыруға болады, бұл жағдайда растаушы құжаттар қажет.
Өтініш беру үшін “ruID” қосымшасын (2025 жылғы 24 маусымға дейін қолжетімді болады) жүктеп алып, тіркелу керек. Егер сізде ресейлік «Госуслуги» порталына тіркелгіңіз болса, сол мәліметтер арқылы авторизация жасауға болады.
Өтініште келетін ел, сапар мақсаты мен мерзімі, Ресейде баратын өңірлер, балалар туралы ақпарат көрсетілуі тиіс. Егер балалар бірге келетін болса, өтініште екеуін де ата-анасы көрсетуі керек.
Қосымшада биометриялық деректер (бет бейнесі, паспорттың суреті, дауыс жазбасы) өткізіледі. Егер бұрын тіркелген биометриялық деректеріңіз болса, өтінішті «Госуслуги» порталы арқылы да беруге болады.
Ресейге кірген соң 10 күн ішінде биометриялық деректерді Бірыңғай биометриялық жүйеде (ЕБЖ) тіркеуді аяқтау қажет. Ол үшін жеке куәлік құжаттармен банк бөлімшесіне бару керек.
Сондай-ақ, Ресей аумағында орналасқан МФЦ немесе қызмет көрсету орталығына барып, «Госуслуги» порталындағы тіркелгіңізді растауға кеңес беріледі. Осыдан кейін сіз:
◾️мемлекеттік қызметтерді онлайн пайдалана аласыз;
◾️ресейлік SIM-карта ала аласыз;
◾️айыппұл, салық берешегі мен мемлекеттік баждарды төлей аласыз.
Ресейге визамен кіру тәртібі, соның ішінде бірыңғай электронды виза арқылы, бұрынғыдай сақталады.