CaspianLife, 24 маусым. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) еліміздің әртүрлі өңірлерінде терроризмді насихаттау фактілері бойынша қылмыстық істердің аяқталғанын және сот үкімдерінің шыққанын хабарлады.
ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, мысалы, биылғы мамыр айында Шымкент қаласының тұрғыны терроризмді насихаттағаны үшін сот үкімімен 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Тергеу барысында оның діни себептермен күш қолдануды ақтап, айналасындағыларды адам өлтіруге үгіттегені анықталған.
«Сонымен қатар, маусым айында Атырау және Ақтөбе облыстарының соттары да ҰҚК материалдары бойынша дін ұстанушылар арасында терроризмді насихаттағаны үшін екі азаматты 7 және 6 жылға бас бостандығынан айырды. Аталған тұлғалар бұрын да қылмыстық істер бойынша сотты болған және террористік белсенділік аймақтарына шығуға әрекеттенген», – делінген хабарламада. Бұл үкімдер заңды күшіне енді.
Сондай-ақ, биылғы жылдың басынан бері ҰҚК тергеген істер бойынша террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 52 адам әртүрлі мерзімге сотталғаны, оның ішінде 2 шетел азаматы бар екені нақтыланды. Тағы 52 адамға қатысты тергеу жұмыстары жалғасуда.