Caspianlife, 23 маусым. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы медиакоммуникация саласындағы байланыстар нығайып келеді, деп хабарлайды Caspian News телеарнасы.
Жуырда Бакуде өткен іскерлік кездесу барысында Caspian News пен әзербайжандық TV1 телеарнасы арасындағы өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Келіссөздер нәтижесінде Caspian News телеарнасының бас директоры Қазбек Кертаев пен TV1 телеарнасының бас редакторы Мадина Хусейнова меморандумға қол қойды. Серіктестік аясында телехабар тарату контентімен алмасу, тәжірибе бөлісу және бірлескен бағдарламалар дайындау жоспарланып отыр. Құжат – қос бауырлас халықтың телемедиа саласындағы ұзақмерзімді ынтымақтастығына бағытталған.
«Сонымен қатар, Атыраудан барған делегация Әзербайжанға сапар аясында халықаралық CBC телеарнасы басшылығымен кездесу өткізді. Кездесу барысында бірлескен жұмыс мәселелері талқыланды. CBC телеарнасының өкілдері де өзара ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді. Жуырда бұл телеарнамен де меморандумға қол қою жоспарланып отыр», — деп хабарлайды Caspian News