Caspianlife, 18 маусым. Кеше Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов Бенилюкс Сауда палатасының президенті Денис Ван ден Вейхпен кездесті. Кездесу барысында тараптар стратегиялық маңызы бар бірқатар инвестициялық жобаларды талқылады.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуге сондай-ақ Бельгия Корольдігінің Ақтаудағы құрметті консулы Муртаза Арифов, Бенилюкс Сауда палатасының Ақтаудағы өңірлік директоры Ануар Құржықаев және ARTEX Holding компаниясының жобалық жетекшісі Сергей Пустобаев қатысты.
«Тараптар Ақтау қаласында тәулігіне 50 мың текше метр су өндіретін тұщыту зауытын салу, “Ақтау теңіз порты” арнайы экономикалық аймағында қуаттылығы 250 МВт газтурбиналы электр станциясын іске қосу, сондай-ақ көпсалалы балалар ауруханасы жобасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Инвесторлар жоба тұжырымдамаларын ұсынып, оларды жүзеге асыру тетіктерін талқылады», – делінген хабарламада.
Ербол Ізбергенов қазіргі таңда өңірде инфрақұрылым нысандарын жаңғырту және кеңейту жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол бүгін ұсынылған жобаларды жүзеге асыру бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.
— Қазір өңірде су тазарту инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бірқатар нысандардың реконструкциясы жыл соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде. «Каспий» тұщыту зауытының қуаты екі есеге артты. Қазіргі уақытта тәулігіне 100 мың текше метрге дейін су өндіре алатын жаңа жобалар қарастырылуда. Бұған қоса, шетелдік компаниялардан бірнеше ұсыныс түсті. Бұл бастамалар өңірдегі су тапшылығы мәселесін шешуге және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге сеп болады. Бүгін ұсынылған бастамаларды жан-жақты қарастырып, оларды нақты жүзеге асыру бағытында бірлесіп жұмыс істейміз, – деді Ербол Ізбергенов.
2021 жылы құрылғаннан бері Сауда палатасы Қазақстан мен Бенилюкс елдері арасындағы экономикалық және инвестициялық әріптестікті нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта Палата құрамында су ресурстары, энергетика, машина жасау, медицина, логистика, цифрландыру және агротехнология сынды стратегиялық салаларда жұмыс істейтін 80-нен астам компания бар.