CaspianLife, 18 маусым. Қазақстанда заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмыстары жалғасуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл қаражаттар еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген әлеуметтік нысандарды салуға және жаңғыртуға бағытталып жатыр.
Премьер-министрдің баспасөз қызметінің мәліметінше, қайтарылған қаражаттар Қаржы министрлігі жанынан құрылған арнайы мемлекеттік қорға (АМҚ) түседі. Қазіргі таңда 406 жобаға қаржыландыру мақұлданған. Оның ішінде 333 жоба жүзеге асып жатыр. Атап айтқанда: білім беру саласында – 9 нысан, спорт саласында – 3 нысан, денсаулық сақтау бойынша – 162 жоба, сумен қамту саласында – 159 жоба.
Барлық жобалар Қазақстан Президентінің әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асуда. Білім беру нысандары сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Спорттық нысандар бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.
Медициналық мекемелер шалғай елді мекендерге медициналық көмекті қолжетімді ету мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында салынып жатыр. Ал су құбырлары желілерінің құрылысы – 2025 жылға дейін еліміздегі барлық қала мен ауылдарды таза ауыз сумен 100% қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық мақсаттың бір бөлігі. Бұл – халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға жасалған маңызды қадам.
Хабарламада атап өтілгендей, қайтарылған активтер есебінен аймақтарда білім беру, спорт, денсаулық сақтау және сумен қамту нысандарының құрылысы белсенді түрде жалғасып жатыр. Атап айтқанда, бұл жұмыстар Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында да жүргізілуде.
Мысалы, қайтарылған активтер есебінен Ақтөбе облысында білім және денсаулық сақтау салаларында жаңа нысандар бой көтереді. Өңірде 12 әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – Ақтөбе қаласындағы ерекше балаларға арналған арнайы балабақша.
Атырау облысында бір-бірден денсаулық сақтау, білім беру және сумен қамту нысандары салынады.
Батыс Қазақстан облысында биылғы жылдың соңына дейін 25 жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың қатарында медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар мен су құбырларын тарту жұмыстары бар.
Маңғыстау облысында қайтарылған активтер есебінен бір денсаулық сақтау нысаны салынады.