CaspianLife, 17 маусым. Атырау облысының полиция департаментінде бір-біріне деген сезім ғана емес, ортақ қызмет – полициядағы жұмыс та тоғыстырған 46 ерлі-зайыпты жұп еңбек етеді. Олардың басым бөлігі – жасы 23 пен 35 аралығындағы жас қызметкерлер.
ҚР ІІМ-нің Polisia.kz ведомстволық сайтының хабарлауынша, олар қызмет пен отбасылық өмірді қатар алып жүріп, бір-біріне тек тұрмыста ғана емес, жұмыста да тірек бола біледі. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуда. Осындай полицей әулеттерінің арасында бірнеше ондаған жыл бойы бірге қызмет еткен отбасылар да бар. Мәселен, Ермұхановтар отбасы 45 жылдан бері тату-тәтті өмір сүріп, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отыр. Ал Фархад Ислямов пен Айгерім Әбенова отасқандарына жиырма жылға жуықтаса да, кәсіби біліктілігімен, қызметке адалдығымен жас әріптестеріне үлгі бола білуде.
«Мұндай отбасылар полициядағы дәстүрлерді нығайтып, өзара құрмет пен қолдаудың үлгісін көрсетеді, сондай-ақ қызмет барысында түсетін салмақ пен жауапкершілікті жеңілдетуге сеп болады», – деп жазады Polisia.kz.