CaspianLife, 16 маусым. Атырау қаласында аса ірі көлемде бөтен мүлікті алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды (ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2-тармақ).
Атырау қаласының №2 сотының хабарлауынша, айыпталушы 2023 жылдың маусым айынан бастап коммуналдық мемлекеттік мекеме – мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында бухгалтер болып жұмыс істеген. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап бұл мекемеде бас бухгалтер қызметіне тағайындалған. Ол 2023 жылдың маусым айынан 2024 жылдың қазан айына дейінгі аралықта мекеме директорының сенімін пайдаланып, оның электронды қолтаңбасын және «1С» пен «Парус» жүйелерін заңсыз қолданған.
«Осы жүйелер арқылы ол негізсіз түрде қаражатты өзінің және сенімді адамдардың есепшоттарына аударып отырған. Алаяқтық әрекеттері нәтижесінде ол 49 миллион теңгеден астам бюджет қаржысын жымқырған», – делінген сот хабарламасында.
Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындаған. Оның кінәсі жәбірленуші тарап өкілінің, куәгерлердің жауабы, тергеу әрекеттерінің хаттамалары, маманның қорытындысы, аудит есебі және заттай айғақтармен дәлелденген.
Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігіне сәйкес, бұл құқық бұзушылық үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот оның кішкентай балаларының болуын және жасаған ісіне шын өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
«Сот үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және 5 жыл бойы материалдық жауапкершілікпен байланысты қызметтерді атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚР ҚК 74-бабының 1-бөлігі қолданылып, бас бостандығынан айыру жазасын өтеу 5 жылға кейінге шегерілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», – делінген сот хабарламасында.