Caspianlife, 16 маусым. Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша азамат М.-ға қатысты іс қаралды.
Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының хабарлауынша, «…2025 жылғы 12 маусымда азамат М. Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында бейәдеп сөздер жазып, айналасындағыларға құрметсіздік танытып, ұсақ бұзақылық әрекет жасаған».
Сот материалдарына сәйкес, М.-нің құқық бұзушылық жасағаны оның өз кінәсін мойындауы, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама және басқа да іс материалдарымен толық дәлелденген.
Соттың түсіндіруінше, ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес, бұл құқық бұзушылық үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу көзделген. Сот құқық бұзушы М.-ге жаза тағайындау кезінде оның кінәсін мойындауы мен жасаған әрекетіне өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде есепке алды.
«Сот қаулысымен азамат М. әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке әкімшілік қамау түріндегі жаза қолданылды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ», — делінген хабарламада.