CaspianLife, 16 маусым. Қазақстан мен Иран арасындағы үкіметаралық комиссия отырысы аясында Астанада Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мен Иран Ислам Республикасының Гүлістан провинциясының губернаторы Әлиасқар Тахмасебидің кездесуі өтті.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, екіжақты кездесуде сауда-экономикалық, логистикалық, ауыл шаруашылығы, туризм және мәдени байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды. Нұрдәулет Қилыбай қос өңірдің бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін атап өтті. Ол Маңғыстау өңірінде инвесторлар үшін қолайлы инфрақұрылым жасалып жатқанын айтып, логистика, туризм, ауыл шаруашылығы және өндіріс салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік мол екенін еске салды.
Облыс әкімі жергілікті билік ирандық инвесторларға заң аясында қажетті инфрақұрылымды ұйымдастыру бойынша толық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар, Иран арқылы Еуропа мен Азия нарықтарына шығу мүмкіндігі бар екенін және бұл артықшылықты тиімді пайдалану керектігін айтты.
«Жақын арада Ираннан бес компания нақты жобаларды жүзеге асыру үшін келуі күтілуде. Біз оларға Арнайы экономикалық аймақ аумағынан жер телімдерін бөліп береміз. Сонымен қатар, тұщыту зауыттарына қажетті жабдықтарды жеткізу бойынша келісімдер жасалып жатыр», — деді Нұрдәулет Қилыбай.
Өз кезегінде Гүлістан провинциясының губернаторы Маңғыстауға деген жоғары қызығушылықты атап өтіп, Ақтау мен Горган қалалары арасында тұрақты әуе қатынасын ашу, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, бірлескен көрмелер ұйымдастыру сынды ұсыныстарын білдірді. Кездесу барысында мәдени байланыстарды кеңейту мәселесі де назардан тыс қалмады. Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың ұсынысы бойынша екі елдің өнер иелері тәжірибе алмасып, мәдени және рухани байланысты нығайтуға уағдаласты.