Caspianlife, 16 маусым. Атырау облысындағы Қашағанда қуаты 1 млрд м³ болатын газ өңдеу зауытының құрылыс алаңында «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мейірбек Ихсановтың жетекшілігімен апталық өндірістік жиналыс өтті.
Кездесуге EPC-шарт бойынша жұмыс істеп жатқан мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиын барысында Мейірбек Ихсанов жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды: түнгі ауысымда жұмысшылар санын көбейту, ұзақмерзімді жабдықтарды жеткізуді жеделдету, металл конструкцияларды уақытылы жеткізуді қамтамасыз ету және құрылыс-монтаж жұмыстарын күшейту міндеттелді.
«QazaqGaz» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, негізгі жұмыстар бойынша бүгінгі күнгі орындалу деңгейі мынадай:
-
Бетондау жұмыстары (УКПГ іргетастары): 46 787 м³ — 62,7%
-
Металл конструкцияларды монтаждау: 3 079 т — 15,4%
-
Механикалық жабдықтарды монтаждау: 3 165 т — 33,7%
-
Резервуарларды монтаждау: 580 т — 21,4%
-
Жерасты құбырлары: 15 787 м — 33,8%
«Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 1 800-ден астам қызметкер, соның ішінде 1 200 жұмысшы еңбек етуде. 300-ден астам техника іске тартылған», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, ауқымды жобаның қауіпсіз әрі үздіксіз жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін кешенді өндірістік және еңбек қауіпсіздігі жүйесі енгізілгені айтылды. HSE жүйесі бес сатылы бақылауды, тұрақты аудиттерді, жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етуді, тәулік бойы медициналық көмекті және персоналды сақтандыруды қамтиды. Өрт қауіпсіздігін жеке өрт сөндіру қызметі қамтамасыз етеді, медицина және өрт сөндіру бөлімшелерінің қатысуымен оқу-жаттығулар өткізіліп тұрады.