Caspianlife, 13 маусым. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен Атырау облысына барып, Батыс өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының жедел шаралар жоспарының жүзеге асырылуы, «Ауыл Аманаты» жобасы және бюджеттік жоспарлау саласындағы реформаларға арналған көшпелі отырыс өткізді.
ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметінің мәліметінше, отырысқа Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдаулет Қилыбай, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Абдікәрімов және Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков қатысты.
Отырыста Бюджет кодексіне енгізілетін реформа және бюджеттік жоспарлауды Өңірлік стандарттар жүйесімен (ӨСЖ) байланыстыру мәселелері қаралды. Бұл жүйе инфрақұрылымдық артта қалған өңірлерге қаржы бөлуді тиімді бағыттауға мүмкіндік береді.
«Мәселен, кәріз жүйесінің тозу деңгейі Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында ел бойынша орташа көрсеткіштен асып отыр. Атырау және Маңғыстау облыстарында жылу желілерінің тозуы жоғары. Барлық батыс өңірлерде электр желілерінің тозу деңгейі жоғары және жолмен қамтамасыз етілу көрсеткіші төмен», — делінген хабарламада.
Вице-премьер инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлау және артта қалған елді мекендерге басымдықпен қаржы бөлу кезінде ӨСЖ-ні ескеру қажеттігін атап өтті.
«Ауыл Аманаты» жобасы аясында 2029 жылға дейін Батыс өңірлерде 2,5 мыңнан астам инвестициялық жоба іске асырылады және 26 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Қанат Бозымбаев облыс әкімдіктеріне 1 шілдеге дейін скрининг нәтижесі бойынша ауылдық округтердің мамандануын анықтауды және халыққа микрокредит беру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ, Батыс өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі жедел шаралар жоспарының орындалуы бойынша есептер тыңдалды.
Сапар барысында вице-премьер Атырау қаласындағы бірқатар маңызды нысандарды аралады: «Атырау Су Арнасы» КМК, №5 сүзгі станциясы, қалаға кіреберіс жолдың құрылысы және кәріз тазарту құрылыстарын қайта жаңарту жобаларымен танысты.