CaspianLife, 13 маусым. Көктемгі балықтардың уылдырық шашу кезеңінде Жайық-Каспий бассейнінде биологиялық ресурстарды қорғауға бағытталған «Бекіре» акциясының қорытындылары жарияланды.
Іс-шаралар 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында Қазақстанның үш батыс өңірінде – Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында өткізілді.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы (балық инспекциясы) бөлімінің бас маманы Айгерім Арынова хабарлағандай, «Бекіре» акциясы барысында құқық қорғау, табиғат қорғау органдары және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 1 125 дерегі анықталып, тоқтатылды. Нәтижесінде 867 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Бұдан бөлек, браконьерлік пен жойылып кету қаупі төнген сирек балық түрлерін заңсыз айналымға түсіру фактілері бойынша 33 қылмыстық іс қозғалды. Заң бұзушыларға жалпы сомасы 21,6 миллион теңге айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 4 тонна 505 кг балық (оның ішінде 1,3 тоннадан астамы бекіре тұқымдас), 2 кг бекіре тұқымдас балықтардың уылдырығы, 202 балық аулау құралы және 44 су көлігі алынды. Күнделікті өзен арналары мен теңіз акваториясына жүргізілген тексерулер барысында су айдындарынан 661 заңсыз балық аулау құралы алынды», – деп нақтылады А. Арынова.