CaspianLife, 13 маусым. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары – Премьер-Министрдің орынбасары Марат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация ресми сапармен Вашингтон қаласына барды.
Сапар аясында ҚР Сыртқы істер министрі мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио арасында мазмұнды кездесу өтті. Тараптар саяси және экономикалық ынтымақтастықты, энергетика, сауда, логистика салаларын қамтитын екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді нақты талқылап, өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасты.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Қазақстан мен АҚШ арасындағы Өзара кеңейтілген стратегиялық әріптестікті өзара құрмет пен прагматикалық диалог қағидаттарына негізделе отырып одан әрі дамытуға ниетті екенін білдірді. Тараптар сауда мен инвестицияны кеңейтуге, америкалық озық технологияларды тартуға және іскерлік байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударды.
«Қазақстан АҚШ-пен өзара тиімді әріптестікті ілгерілету үшін нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүдделі», – деді М. Нұртілеу.
Сонымен қатар, ҚР Сыртқы істер министрі Қазақстанның энергетикалық ресурстар мен стратегиялық маңызы бар минералдар жеткізу тізбегінің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі стратегиялық рөлін атап өтті. Өз кезегінде АҚШ Мемлекеттік хатшысы бұл кездесудің екіжақты қарым-қатынастарды ілгерілету мен өзара байланыстарды нығайтуға серпін беретініне сенім білдірді.
«Америка Құрама Штаттары Қазақстанмен өзара қызығушылық тудыратын экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту үшін ынтымақтастықты нығайтуға үміт артады», – деді М. Рубио.
Кездесу барысында «С5+1» платформасы аясындағы ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінді. Бұл алаң АҚШ пен Орталық Азия арасындағы диалогты қолдаудың тиімді тетігі ретінде бағаланды.
Тараптар сондай-ақ халықаралық және өңірлік қауіпсіздік саласында күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығын атап өтіп, заңсыз көші-қонмен күрес саласындағы өзара іс-қимылды оң бағалады және бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
ҚР Сыртқы істер министрі Қазақстанның Орта держава ретінде жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге конструктивті үлес қосуға дайын екенін растады.
Кездесу соңында тараптар қолданыстағы екіжақты алаңдар мен жаңа тетіктерді іске қосу арқылы екіжақты ынтымақтастықты нығайту жөнінде келісімге келді.
(ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша)