Caspianlife, 11 маусым. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңес барысында өңірде тіркелген дала өрттеріне қатысты бірқатар мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, орман шаруашылығы мекемелерінің аудандардағы жұмысы сөз болды. Құрманғазы ауданында орман алқаптарын ұлғайту мақсатында қосымша 500 гектар жер бөлінуде. Биыл күзден бастап бұл аумақтарға ағаш отырғызу жұмыстары басталады.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантөковтың айтуынша, биыл Құрманғазы, Исатай және Индер аудандарында өрт мұнаралары орнатылады. Сондай-ақ өрт сөндіру машиналары мен төрт дрон сатып алу жоспарланып отыр.
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев кеңеске қатысқан «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының басшылығына жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, резерват аумағына күнделікті дрон арқылы мониторинг жүргізуді тапсырды.
«Құзырлы органдармен бірлесіп, резерват аумағында заңсыз әрекеттерге барған тұлғаларды анықтау жұмысын күшейту қажет. Сонымен қатар мұндай азаматтарға қатысты қабылданған шаралар туралы қоғамды хабардар етіп отыру керек», – делінген хабарламада.