Caspianlife, 11 маусым. Бұл туралы Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) өткен өндірістік кеңесте айтылды. Кеңеске Атырау облысына жұмыс сапары барысында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов қатысты.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңес барысында зауыттың биылғы жылдың бес айындағы жұмысының алдын ала қорытындылары жарияланды. Аталған кезеңде зауыт 2,39 млн тонна мұнай шикізатын өңдеген. Зауыт жеңіл мұнай өнімдерінің негізгі түрлері бойынша оң динамика көрсетіп, жоспарлы көрсеткіштерден асып түсті.
Атап айтқанда, дизель отынының өндірісі 786,1 мың тоннаға жетіп, жоспардан 66,7 мың тоннаға немесе 9%-ға артық орындалды. Сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 105,5 мың тоннаны құрап, жоспардан 12%-ға асып түсті.
Барлық маркалы автокөлік бензиндерінің өндірісі 775,2 мың тоннаны құрады. Оның ішінде жоғары октанды АИ-95 бензинінің өндірісі 140,8 мың тоннаға жетіп, бұл жоспардан 16%-ға жоғары. Сонымен қатар бензол өндірісі бірнеше есе өсіп, 24,6 мың тоннаға жетті (жоспар – 7,8 мың тонна).
Сонымен бірге кәсіпорын мазут өндірісін қысқартты. Бұл қадам жеңіл және құнды мұнай өнімдерін өндіруді арттыруға бағытталған стратегияға сәйкес жүзеге асырылуда.
Зауыттың сапалық көрсеткіштері де жақсарған: мұнай өңдеу тереңдігі шамамен 89%-ға, ал жеңіл мұнай өнімдерінің шығымы 77%-ға дейін жетіп, жоспардан асып түсті.
Асхат Хасеновке бірқатар негізгі жобалардың іске асырылуы туралы есеп ұсынылды. Олардың қатарында баяу коксалау қондырғысының реакторларын ауыстыру және жөндеу, электр беру желісін және газтурбиналық электр станциясын салу, сондай-ақ жөндеу аралық кезеңді үш жылға ұзарту мәселесі бар.