Caspianlife, 11 маусым. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі, Атырау облысынан сайланған Әділ Жұбанов Парламент қабырғасында «Самұрық-Қазына» қоры экономиканың қозғаушы күші емес, керісінше, тежеуші факторына айналды» деп мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, сатып алулардың монополизациясы, табыстылықтың төмендеуі, ашықтық пен сыртқы бақылаудың болмауы – осы мәселелер Ұлттық әл-ауқат қоры «Самұрық-Қазынаны» стратегиялық институттан тоқырау факторы етіп отыр.
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Премьер-Министрге жолдаған депутаттық сауалында Әділ Жұбанов 2023 жылғы мәліметтерге сәйкес, қор құрамындағы компаниялар тобының сатып алуларының 60%-дан астамы бір көзден жүзеге асқанын атап өткен. Осындай заңбұзушылықтар басқа квазимемлекеттік және мемлекеттік құрылымдарда да кездеседі.
«Temasek Holdings-тің сингапурлық моделін қазақстандық жағдайға бейімдеу әрекеті сәтсіз болды… Соның салдарынан «Самұрық-Қазына» қоры жұмыс істеп отырған негізгі шарттар үлгі елдерден түбегейлі ерекшеленеді. Бұған қоса, активтердің жоғары шоғырлануы (ЖІӨ-нің 50%-ына дейін) мен уақтылы сыртқы аудиттің болмауы басқару жүйесінің тиімсіздігіне және тоқырауға әкеліп соғуда», – деді Ә. Жұбанов.
Депутат ұсынған шаралар:
-
халықаралық сарапшылардың қатысуымен кешенді сыртқы аудит жүргізу,
-
қор активтерінің бір бөлігін бәсекелі ортаға беру,
-
қордың қазіргі форматта жұмыс істеуінің орындылығын қайта қарау,
-
директорлар кеңестерінің құрамын жаңарту,
-
бір көзден сатып алулардан толық бас тарту.
Әділ Жұбановтың пікірінше, тек ашықтық, бәсекелестік және мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту арқылы ғана бизнестің және инвесторлардың мемлекеттік институттарға деген сенімін қалпына келтіруге болады.