CaspianLife, 10 маусым. Атырауда өткен өндірістік кеңесте «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің қатысуымен бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының (ҚМГ) баспасөз қызметінің хабарлауынша, жұмыс сапары барысында Асхат Хасенов Атырау облысындағы «Ембімұнайгаз» АҚ (ЕМГ) құрамындағы Прорва кен орындары тобына барып, мұнай мен газ өндіру тиімділігін арттыру және операциялық шығындарды азайтуға бағытталған жобалардың іске асу барысымен танысты.
ҚМГ басшысы Жылыой ауданындағы Батыс Прорва кен орнында газ ұңғымаларын игеруге арналған алғашқы іске қосу кешенінің құрылыс алаңында болды.
Бұл жоба газ кен орындарын игерумен қатар, С. Нұржанов атындағы кен орынды ілеспе мұнай газын кәдеге жарату мақсатында абаттандыруды көздейді. Жоба үш кезеңмен жүзеге асады:
-
Бірінші кезең – жылына 45 мың тонна мұнай және 160 миллион текше метр газ өндіруді қамтамасыз етеді;
-
Екінші және үшінші кезеңдер 2026–2027 жылдарға жоспарланған және Батыс Прорвадағы газ өндіру көлемін 600 миллион м³-ге дейін арттыру көзделуде.
Исатай ауданындағы Оңтүстік-Шығыс Новобогат кен орнында Асхат Хасенов жылына 80 млн м³ газ өңдейтін кешенді дайындау қондырғысының (УКПГ) құрылысымен танысты. Бұл жобаны 2026 жылдың көктемінде пайдалануға беру жоспарланған. Аталған кен орынды игеру басталғаннан кейін, мұнай өндіру көлемі жылына 100 мың тоннадан асады деп күтілуде.
Сонымен қатар ҚМГ басшысы С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің оқу-өндірістік полигонына барды.
Бұл полигон «Ембімұнайгаз» компаниясының қаржылық қолдауымен салынып жатыр. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 95 пайызы аяқталған. Студенттерге жерасты жөндеу жұмыстарын үйрету мақсатында оқу ұңғымалары бұрғыланған. Жалпы 15 оқу алаңы салынған, оларда студенттер тәжірибелік дағдыларын шыңдай алады. Полигонды 2025 жылдың соңында пайдалануға беру көзделген.
Сол күні А. Хасенов «Ембімұнайгаз» компаниясында өндірістік кеңес өткізді.
Онда 2025 жылдың алғашқы бес айында 1 миллион 140 мың тонна мұнай өндірілгені айтылды. Бұл жоспардан шамамен 14 мың тоннаға артық.
2025 жылға арналған жоспар – 2 миллион 813 мың тонна мұнай өндіру.
Кеңес барысында қаралған мәселелер:
-
жұмыс істеп тұрған кен орындарын қайта барлау,
-
тиімділігі төмендеп бара жатқан кен орындарының табыстылығын бағалау,
-
3 млн 102 мың тонна мұнай және 96 млн м³ газ қоры бар Батыс Қарасор кен орнын игеріп, биыл мұнай өндіруді бастау,
-
Кисимбай және Акингень кен орындарындағы газ қабаттарын игеру,
-
қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту.
Кеңес қорытындысы бойынша А. Хасенов «Ембімұнайгаз» компаниясына келесі міндеттерді жүктеді:
-
мұнай мен газ өндіру көлемін арттыру үшін инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру,
-
компанияның тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында операциялық шығындарды оңтайландыру.