Caspianlife, 10 маусым. Атырау қаласының №2 сотында алаяқтық жасады деп айыпталған екі адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Олар алдын ала сөз байласу арқылы бірнеше мәрте, оның ішінде ірі және аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы жымқырды деп айыпталды (ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы).
Соттың баспасөз хабарламасына сәйкес, 2024 жылғы 4 наурыз бен 12 сәуір аралығында Атырау қаласында блогер Н. және оның құрбысы С. өздерінің танысы Ш.-ны инвестиция арқылы табыс табуға болады деп сендіріп, мобильді қосымша арқылы бірнеше мәрте қомақты қаржы аударуға көндірген. Олар инвестиция мол табыс әкеледі деп уәде беріп, Ш.-ны әртүрлі күндері әртүрлі сомада ақша жіберуге итермелеген.
Ұзақ уақыт бойы Н. мен С. жәбірленушімен байланыста болып, жалған табыс көрінісін жасап, оны одан әрі ақша салуға итермелеген.
Қаржылық табысқа үміттенген Ш. жалпы сомасы 33 миллион 300 мың теңге қаражат аударған. Бұл қаржыны ол әртүрлі банктерден несие алып, алтын бұйымдарын, қымбат көліктерін кепілге қойып жинаған. Алайда, уәде етілген пайдадан түк шықпаған.
Сонымен қатар, Н. мен С. алған міндеттемелерін орындай алмайтынын біле тұра, гүл дүкендерінің өкілдерін алдап, ақы төлемей гүлдер алған. Кейін Н. бұл гүлдердің фотосын өзінің Instagram парақшасында жариялап, оларды «Мырза Х-тан сыйлық» деп көрсеткен.
Нәтижесінде:
-
Жәбірленуші азаматша З.-ға 634 мың теңге,
-
Азаматша А.-ға 3 миллион 354 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.
Келтірілген зиян өтелмеген.
Сот айыпталушылардың кінәсі іс материалдарымен, жәбірленушілер мен куәгерлердің жауаптарымен, геолокациялық деректермен, банк аударымдары туралы мәліметтермен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді.
Жазаны жеңілдететін мән-жайлар:
-
С. – кәмелетке толмаған баласының болуы және шын жүректен өкінуі,
-
Н. – кәмелетке толмаған баласының болуы.
-
Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Сот үкімі бойынша С. – 5 жыл 6 айға, Н. – 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.