CaspianLife, 9 маусым. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Маңғыстау облысындағы мектеп асханаларына жаппай тексеру жүргізіп, оны аяқтады.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 66 мектептегі ас блогының 65-інен санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың өрескел бұзылуы анықталған. Нәтижесінде 57 айыппұл салынып, жалпы сомасы 18 миллион теңгеден асты. Сонымен қатар, 60 нұсқама беріліп, 62 қызметкер жұмыстан шеттетілді, ал бір іс сотқа жолданды.
Бүгін Ақтау қаласында мектептегі тамақ сапасына қатысты кеңес өтті. Жиынға ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысты. Министрліктің мәліметінше, анықталған негізгі бұзушылықтар:
-
санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болмауы,
-
құжатсыз немесе мерзімі өткен өнімдерді пайдалану,
-
санитариялық тәртіптің сақталмауы,
-
ыстық судың жоқтығы,
-
қызметкерлердің медициналық тексеруден өтпеуі,
-
күнделікті денсаулық бақылауының болмауы,
-
дизентерия мен стафилококк таратушылардың анықталуы,
-
ыдыс-аяқ пен құрал-жабдықтарды тиісті түрде залалсыздандырмау (талдаулардың 7,2%-ынан ішек бактериялары табылған).
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Роза Қожапова Маңғыстау облысының активімен өткен жиында:
«Бұл тексеріс мектептегі тамақтандыру жүйесінің сапасына және жергілікті атқарушы органдардың тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігіне күмән тудырады. Былтыр Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында 459 оқушы уланған жаппай улану жағдайынан кейін де бұзушылықтар қайталанып отыр. Бұл – мектеп әкімшіліктері мен білім беру бөлімдерінің балалар қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайтынын көрсетеді», — деп атап өтті.
Сондай-ақ тексеру барысында мектептегі бракераж комиссияларының бақылауы әлсіз екені, медициналық тексеруден өтпеген қызметкерлердің жұмысқа жіберілгені, және ас блоктарда білікті мамандардың жетіспейтіні анықталды. Мұндай жағдайлар топтық уланулардың қайталануына алып келуі мүмкін.
Балалардың санитариялық-эпидемиологиялық амандығын қамтамасыз ету мақсатында:
-
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне профилактикалық жұмысты күшейту, білім беру және тамақтану нысандарында түсіндіру жұмысын жақсарту тапсырылды;
-
Білім басқармасына мектеп асханаларын санитариялық талаптарға сәйкестендіру, тамақ жеткізушілерді жүйелі түрде тексеру, бракераж комиссиясының жұмысын жақсарту ұсынылды;
-
Денсаулық сақтау басқармасына жеке медициналық кітапшаларды заң талаптарына сәйкес беруді қатаң бақылау және толық медициналық тексерусіз беруге жол бермеу жүктелді.
Бұған дейін хабарланғандай, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуын жүйелі түрде шешу үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жаңа мемлекеттік бақылау тәсілдерін әзірледі. Бұл тәсілдер балалар болатын нысандарға ерекше мәртебе беруге, тексеру туралы алдын ала хабарламаны алып тастауға және санитариялық талаптарға сәйкестікті қамтамасыз ету мақсатында мониторингтік сапарларды енгізуге бағытталған.
Сапар барысында денсаулық сақтау министрі «СК-Фармация» ЖШС бірыңғай дистрибьюторының облыстық вакцина қоймасына барып, ондағы вакциналарды сақтау шарттарын, «суық тізбек» талаптарының орындалуын, тасымалдау жағдайын және жабдықтардың бар-жоғын тексерді. Қазіргі таңда Маңғыстау облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. 2024 жылдың наурызынан бастап 18 жасқа дейінгі балаларды қызылша, қызамық және паротитке (КПК) қарсы иммундау көрсеткіші 83,9%-ды құрады.