Caspianlife, 9 маусым. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың төрағалығымен өткен жиында мәлімделді. Онда қала және аудан әкімдіктеріне өз аумақтарында орналасқан жанармай құю бекеттерінің тізімін жасап, олардың орналасқан жерін және қауіпсіздігін тексеру тапсырылды.
Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің (ӨКҚ) хабарлауынша, адам өміріне қауіп төндіретін нысандарды анықтау, ұсыныстар әзірлеу және сол бағытта жұмыс жүргізу — жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) негізгі міндеттерінің бірі. Қазіргі уақытта Жылыой ауданының әкімшілік орталығы Құлсары қаласында «Ниет» жанармай құю станциясындағы өрттің себептерін анықтау бойынша комиссия жұмыс істеуде. Тергеу бір ай ішінде жүргізіледі, қажет болған жағдайда қосымша уақыт беріледі.
Атырау облысы ТЖД бастығының орынбасары Сырым Жаймағамбетовтың айтуынша, өртенген жанармай бекеті жоба-сметалық құжаттамасыз жұмыс істеген және Азаматтық қорғау туралы заңның 77-бабына сәйкес департаментте тіркелмеген. Мамандар мұны станцияның тұрғын үйлерге тым жақын орналасуымен байланыстырады.
Өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев бұл тексерістерді жергілікті атқарушы органдар, ТЖД және құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізу қажет екенін атап өтті.
— Барлық жұмыстар заң талаптарына сәйкес орындалуы тиіс. Қала және аудан әкімдіктері тек газ құю бекеттерін ғана емес, барлық жанармай құю нысандарын тексеруі қажет. Қала бойынша бекеттердің орналасқан жерінің негізгі тізімі бар. Қазір бізге адам өміріне қауіп төндіретін нысандарды анықтап, комиссия құрамында аумақтарды аралап, ұсыныстар әзірлеу қажет, — деді Қайрат Нұртаев.
Бүгінгі таңда өңірде жалпы 125 жанармай құю бекеті бар. Оның ішінде 101 станция автогаз сатады. Бұл бекеттердің 56-сы Атырау қаласында, қалған 45-і аудандар аумағында орналасқан.