CaspianLife, 9 маусым. Жақын арада республикалық маңызға ие KAZ12 «Атырау — Орал» автожолында ауқымды орташа жөндеу жобасын іске асыру басталады.
«ҚазАвтоЖол» баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жол батыс өңіріндегі екі ірі қала — Атырау мен Оралды байланыстырады. Жолдың жалпы ұзындығы — 487 км.
Жоба аясында 364 км жол төсемі қамтылады. Негізгі жұмыстарға шөгуге бейім учаскелерді жою, топырақты тұрақтандырғышпен бірге суық ресайклирлеу әдісімен негізді нығайту, жабынның төменгі және жоғарғы қабаттарын төсеу, жол жиегін бекіту, сондай-ақ жол белгілерін орнату және жол таңбаларын салу кіреді.
Қазіргі таңда қаржыландыру бөлінуі күтілуде, содан кейін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, міндетті сараптамадан өтеді. Жобаны іске асыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, автожолда шұңқырларды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Орташа жөндеу жұмыстарын 2025–2027 жылдар аралығында жүргізу жоспарланып отыр.