CaspianLife, 4 маусым. Көршілес елден келген делегация «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» (KPI) ЖШС зауытына жұмыс сапарымен барып, жүзеге асырылған цифрлық жобалармен танысып, IT мен жасанды интеллект саласындағы тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, делегация мүшелері толықтай автоматтандырылған роботтандырылған қойма кешеніне ерекше қызығушылық танытты.
«Делегация қызметкерлердің қатысуынсыз, салмағы 1,5 тоннаға дейінгі паллеттерді орау желілерінен сақтау және жөнелту аймақтарына дейін тасымалдайтын роботтардың жұмысымен танысты. Айрықша қызығушылық тудырған жүйе – өндірістік желілермен интеграцияланған және логистиканы нақты уақытта оңтайландыратын WES (Warehouse Execution System) деп аталатын интеллектуалды IT-платформа болды», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, қонақтарға қойма қызметкерлерінің қауіпсіздік талаптарын сақтауын жасанды интеллект арқылы бақылап отыратын Computer vision жүйесі таныстырылды. Цифрлық қоймаға қатысты барлық шешімдер қазақстандық компания тарапынан енгізілген.
KPI-дің дайын өнім қоймасы — Орталық Азиядағы алғашқы мұнай-химия өнімдерін сақтайтын роботтандырылған жүйемен жабдықталған қойма болып табылады.