Caspianlife, 4 маусым. Бұл туралы кеше Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергеновтің төрағалығымен өткен Кендірлі әуежайын жобалау және салу мәселелеріне арналған жиында айтылды.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Кендірлі аумағында әуежай салу» жобасын республикалық мемлекеттік кәсіпорын – «Қазаэронавигация» әзірлеуде. Жиын барысында аталған кәсіпорынның атқарушы директоры Самат Жасұзақов атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, жоба үйлестіруі бойынша ведомствоаралық комиссия құруда жергілікті атқарушы органдардан қолдау сұрады.
Маңғыстау облысының әкімдігі Кендірлі аумағынан әуежай құрылысына 599 гектар жер бөлген. Болашақ нысан демалыс аймағы саналатын Кендірліден шамамен 13 шақырым жерде орналасатын болады.
Жобаның бірінші кезеңінде ұзындығы 2 200 метр, ені 35 метр болатын ұшу-қону жолағын салу қарастырылған. Бұл өлшемдер шағын және орта көлемдегі ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік береді. Кейінірек ұшу-қону жолағы ірі жолаушы ұшақтарын қабылдай алатындай деңгейге дейін кеңейтіледі.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында жер қазу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 57 жұмысшы және 43 техника бірлігі жұмылдырылған. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.