CaspianLife, 4 маусым. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы Конституциялық Заң 2007 жылғы 4 маусымда қабылданды.
Осы Заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым – Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтеді.
Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің ажырамас атрибуттарының бірі. Олар елдің егемендігі мен ұлттық бірегейлігін білдіреді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне:
-
Мемлекеттік Ту,
-
Мемлекеттік Елтаңба
-
Мемлекеттік Әнұран жатады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – көгілдір түсті тік төртбұрышты мата. Тудың ортасында күн сәулелерімен, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген. Тудың сабы жағында ұлттық өрнегі бар тік жолақ орналасқан. Күн, оның сәулелері, қыран және ұлттық өрнек – алтын түсті.
Мемлекеттік Тудың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – шеңбер түрінде жасалған. Елтаңбаның негізінде көгілдір түсте бейнеленген шаңырақ, одан жан-жаққа күн сәулесіндей уықтар тарайды. Шаңырақтың екі жағында мифтік қанатты тұлпарлар орналасқан. Жоғарғы бөлігінде бесбұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Qazaqstan» жазуы бар. Барлық бейнелер – алтын түсті.
Мемлекеттік Елтаңбаның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны бұған дейін «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған. Ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2006 жылғы 6 қаңтарда Парламентте бекітілді. Мемлекеттік Әнұран алғаш рет 2006 жылғы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының инаугурациясы кезінде орындалды.
-
Музыка авторы – композитор Шәмші Қалдаяқов
-
Сөз авторлары – Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев
Дереккөз: Akorda.kz сайты