CaspianLife, 3 маусым. Астрахань қаласында трансшекаралық су нысандарын бірлесіп пайдалану және қорғау, сондай-ақ су тасқыны мен сел кезеңдерін өткізу мәселелері бойынша Ресей мен Қазақстанның бірлескен жұмыс тобының үшінші отырысы өтті.
Астрахан облысы губернаторының баспасөз қызметінің хабарлауынша, қатысушыларды құттықтай отырып, Астрахан облысы үкіметінің төрағасы – вице-губернатор Денис Афанасьев бұл кездесудің маңыздылығын және екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті.
«Ресей Қазақстанмен қарым-қатынасты «жасыл» бағытта дамытуға мүдделі. Бұл – өңірлік бастамаларды жүзеге асыруға бірлесіп қатысу, соның ішінде су тасқыны мен селдерді өткізу, трансшекаралық су нысандарын бірлесіп пайдалану мен қорғау, сондай-ақ климаттық тұрақтылықты нығайту саласындағы өзара іс-қимыл арқылы жүзеге асады», – деді вице-губернатор.
Оның айтуынша, екі жақ үшін маңызды саналатын бұл тақырыптар бойынша жұмыс тобының алғашқы отырысы тек осы жылы өткеніне қарамастан, көптеген негізгі мәселелер бойынша өзара түсіністікке қол жеткізілді. Атап айтқанда, су қоймаларының жұмыс режимі мен гидрологиялық ақпарат алмасу тәртібі келісілді. Сондай-ақ трансшекаралық өзендерде орналасқан және су тасқыны мен селдердің өтуіне әсер ететін гидротехникалық нысандардың жағдайы жөнінде бір-бірін хабардар ету мәселесі пысықталды.
«Мұндай ынтымақтастық екі тарапқа да төтенше жағдайлардың алдын алуға және 2024 жылғы оқиғалардың қайталануына жол бермеуге айтарлықтай көмектесетіні сөзсіз», – деп қорытындылады Денис Афанасьев.