CaspianLife, 3 маусым. «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында 30 мамыр күні Атырау қаласында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Антикор) Қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті.
Іс-шараға Агенттік төрағасы Асхат Жұмағали, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, қоғам өкілдері, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ секілді ірі квазимемлекеттік компаниялардың басшылары қатысты. Шараның модераторы Мәжіліс депутаты, Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Башимов болды.
Антикордың баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырыс барысында өңірдің Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын іске асыру, «Бизнеске жол» жобасының жүзеге асуы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау мәселелері қаралды.
Сөз сөйлеген Агенттік басшысы Асхат Жұмағали азаматтардың сенім деңгейі Агенттік жұмысының негізгі көрсеткіші екенін атап өтіп, бұл сенімге тек қоғаммен белсенді өзара іс-қимыл арқылы ғана қол жеткізуге болатынын айтты.
Облыс тұрғындары ауыз су мен ауа сапасын жақсарту, әлеуметтік қамсыздандыру, инфрақұрылымды дамыту мәселелерін бірнеше рет көтерген. Атырау – Астрахань тас жолының жөндеу жұмыстары алты жылдан бері аяқталмай келе жатқаны – қоғамдық алаңдаушылық тудырып отырған өзекті проблемалардың бірі. Бұл жол елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуда маңызды рөл атқарады. Қоғамдық кеңес мүшелері денсаулық сақтау және білім беру нысандарының жетіспеушілігіне, экология мәселесіне және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне де назар аударды.
«Аталған мәселелердің барлығы, негізінен, сыбайлас жемқорлық факторларымен байланысты. Сондықтан оларды шешу үшін кешенді әрі жүйелі шаралар қабылдау қажет», – делінген Антикордың баспасөз хабарламасында.
Отырыста квазимемлекеттік сектор қызметіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстың жеткіліксіздігі де айтылды. Агенттік төрағасы Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған ерте әрекет ету құралына айналуы керектігін атап өтті. Бұл құралдың тиімділігі билік, қоғам және бизнес арасындағы ашық әрі сындарлы диалогқа тікелей байланысты.
Сонымен қатар, өңірлік кәсіпкерлер қауымдастығымен кездесу өтті. Онда жер қатынастары мен жер қойнауын пайдалану салаларындағы рұқсаттар мен шешімдердің кешіктірілуі сынды кәсіпкерлерді алаңдататын мәселелер талқыланды. Іс-шара қорытындысы бойынша жауапты органдарға көрсетілген мәселелерді шешуге бағытталған нақты тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.