CaspianLife, 2 маусым. Бүгін Ақтауда еліміздегі алғаш рет үлкен диаметрлі болат құбырлар шығаратын зауыттың құрылысында символикалық тастың салтанатты салу рәсімі өтті.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Каспий құбыр зауыты диаметрі 1 420 мм-ге дейінгі болат тік құбырларды шығаратын толық технологиялық циклмен жабдықталған кәсіпорын болмақ. Жаңа зауыттың өндірістік қуаты жылына 150 мың тоннаны құрайды. Алдағы уақытта бұл зауыт мұнай-газ, энергетика, құрылыс және коммуналдық секторларды отандық өніммен қамтамасыз етеді деп жоспарланып отыр. Тұрақты түрде 100-ден астам адам жұмыспен қамтылады.
Хабарламада атап өтілгендей, жаңа зауыт «Сталь Трейд» компаниясының бастамасымен жүзеге асырылып жатыр. 2004 жылы құрылған бұл компания бүгінде Қазақстандағы болат құбыр өнімдерін өндіру және жеткізу саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі болып саналады. Қазіргі таңда компанияның Астана, Алматы, Ақтау, Павлодар, Шымкент, Өскемен және Ташкент қалаларында сату филиалдары бар.