CaspianLife, 2 маусым. Air Astana әуе компаниясы 31 мамырдан бастап A320 және A321 ұшақтарымен Атырау – Баку бағыты бойынша тікелей рейстерді орындай бастады.
Air Astana баспасөз қызметінің мәліметінше, рейстер апта сайын үш рет – дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері орындалады. Ұшулар кешкі уақытта жүзеге асырылады, жол жүру уақыты шамамен бір жарым сағатты құрайды. Қазақстан азаматтарына Әзірбайжанға бару үшін виза қажет емес.
Сонымен қатар, Air Astana 2025 жылғы 1 маусымнан бастап Алматы – Франкфурт бағыты бойынша да тікелей рейстерді жүзеге асыруды бастады. Бұл рейстер сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері A321LR ұшағымен орындалады. Ұшу уақыты – 8 сағат 25 минут. Бұл жаңа бағыт Астана – Франкфурт және Орал – Франкфурт бағыттарын толықтырады.
«Әуе компаниясы Lufthansa компаниясымен бірлескен рейстерді орындау үшін жаңартылған кодшерингтік келісімге қол қойды. Бұл жолаушыларға екі әуе компаниясының кеңейтілген маршруттық желісін пайдалануға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.