CaspianLife, 2 маусым. 31 мамыр күні, яғни екі күн бұрын, Атырау қаласына жақын орналасқан Дамба ауылынан шамамен 20 шақырым жердегі «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында қамыс өртенді.
112.KZ Telegram-арнасының мәліметінше, өрт орнында тұрақты байланысты қамтамасыз ету үшін ТЖМ-нің командалық-штабтық машинасы (КШМ) орналастырылды. «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы қамыстың жануы алдын ала есеп бойынша 1 050 гектар аумақты қамтыған.
Өртті сөндіруге су төгетін құрылғысы бар ТЖМ-нің тікұшағы тартылды. Барлығы 10 рет су төгілген, жалпы көлемі – 30 тонна. Өртті сөндіру жұмыстарына Атырау облысы ТЖД мен «Ақжайық» резерватының 110 қызметкері, 26 техника бірлігі және ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағы жұмылдырылды.
«Қамыстың жануы оқшауланды. Жағдай ТЖМ-нің бақылауында. Қазіргі уақытта 10 гектар аумақта түтіндеу жалғасуда. Қалған ошақтарды толық жою бойынша жұмыстар жүргізілуде», – делінген хабарламада.
Қосымша: Атырау облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2 маусым күні сағат 16:15-те резерват аумағындағы қамыстың жануы толықтай сөндірілді.