CaspianLife, 2 маусым. Өткен жұма күні, 30 мамырда, Қызылқоға ауданының Жамансор ауылында 110 орындық жаңа мектеп-интернаттың құрылысына арналған «уақыт капсуласын» салу рәсімі өтті.
Іс-шараға ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков, Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақанов, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, қоғам белсенділері және ауыл тұрғындары қатысты.
ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа мектеп-интернат «Мемлекетке заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы» Заң аясында мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен салынуда.
«Бұл – қалпына келтірілген әділдіктің халық үшін нақты пайдаға айналғанының жарқын мысалы. Бұл – білім алуға қолжетімділіктің артуы, жаңа жұмыс орындарының құрылуы және өмір сүру сапасының жақсаруы», – делінген хабарламада.
Айта кетсек, бұған дейін ауылда тек 60 орындық бастауыш мектеп қана жұмыс істеген, оның өзінде акт залы да, спорт залы да болмаған. Жоғары сынып оқушылары көрші ауылдарға ондаған шақырым жол жүріп білім алуға мәжбүр болған. Жаңа интернат Жамансор мен жақын маңдағы елді мекендердің балаларына сапалы білім алуға мүмкіндік береді.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес арнайы мемлекеттік қор есебінен жүзеге асырылуда. Аталған қор арқылы еліміз бойынша 333 әлеуметтік нысанның құрылысы қаржыландырылып жатыр. Ғ. Садырбековтің айтуынша, мұндай ауқымды әрі маңызды жобалар – Конституциялық құндылықтар мен Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» идеологиясы мен әділетті саясатының нақты көрінісі.
Іс-шара барысында жергілікті ақсақалдар бата беріп, қатысушылар «уақыт капсуласын» салып, жаңа мектеп тарихының бір бөлігіне айналатын арнайы альбомға тілектерін жазып қалдырды.