Caspianlife, 30 мамыр. «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» (KPI, «ҚазМұнайГаз» компаниясының еншілес кәсіпорны) полипропилен өнімдерінің түрлерін кеңейтуін жалғастырып, өңдеуші кәсіпорындарға өзінің ассортиментіндегі он екінші өнім – PP H085CF/7 маркалы полипропиленді ұсынды.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жаңа марка cast-полипропилен (CPP) үлдірін өндіруге арналған. Аталған пленка тағам өнімдерін, соның ішінде кондитерлік және нан-тоқаш бұйымдарын орау үшін, сондай-ақ медициналық пакеттер мен сұйықтықтарды сақтауға арналған ыдыстар жасау үшін кеңінен қолданылады.
«CPP-үлдірінің басты артықшылығы – ол орам ішіндегі ылғалдылықты реттей алады. Бұл қасиет өнімнің сақталу мерзімін айтарлықтай ұзартады. Мысалы, мұндай орамдағы нан бірнеше апта бойы өзінің балғындығын сақтай алады, бұл оны дәстүрлі қаптама түрлеріне бәсекелес ете түседі. Сонымен қатар, бұл пленка орам ішіндегі конденсаттың түзілуіне жол бермейді, өнімнің кебуін болдырмайды және бактериалды ластану қаупін төмендетеді», – делінген хабарламада.
PP H085CF/7 маркасы зертханалық сынақтардан сәтті өтіп, алғашқы тұтынушылардан оң баға алды. Қазіргі таңда басқа да әлеуетті тұтынушылармен жұмыс жүргізілуде.