CaspianLife, 30 мамыр. Қызылорда облысы бойынша ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Департаменті «HRT» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.
Ұйымдастырушылар азаматтарға заңды инвестициялық жоба ретінде ұсыныс жасап, оның мәні электр самокаттарын сатып алып, оларды Еуропа елдерінде жалға беруден табыс алу болды. Қатысушыларды тіркеу үшін криптовалютаны электрондық биржалардан «HRT»-ның арнайы шотына аудару ұсынылды.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, негізгі шарт – кем дегенде екі жаңа қатысушыны тарту болды. 200-ден астам азамат 50-ден 35 мың АҚШ долларына дейінгі қаражатын инвестициялап, ай сайын 1 200 долларға дейін бонустар алуға үміттенген. Заңсыз алынған жалпы табыс 28 миллион теңгеден асты. Тергеу барысында күдіктілер жарналарға алынған қаражатқа «BMW 530I Xdrive» және «Changan Alsvin» маркалы 2 автокөлік сатып алғандары анықталды, бұл көліктерге сот санкциясымен тыйым салынған. Күдіктілерге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
«Сонымен қатар, қазіргі уақытта «HRT» қаржы пирамидасының елдің жеті өңірінде – Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл облыстарында және Астана мен Алматы қалаларында құрылымдық бөлімшелерінің құрылғандығы фактісі бойынша алдын ала тергеу жүргізілуде. ҚР ҚПК-ның 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жарияланбайды», – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.